Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 сәуір 2024түлектер, поэзия, руханият

СЫРЛЫ ӨЛЕҢ, СИҚЫРЛЫ ӘУЕН, СЫРБАЗ КӨҢIЛ

Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Сәуiр суреттерi» атты әдеби поэтикалық кеш өтті.
Семейде поэзия әлемiне ерекше леп, серпiлiс алып келген ақындар мен қолына қалам алып, әдебиет әлемiне келген жастар, ЖОО және колледж студенттерi қатысты.
Shakarim University Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебiнiң студенттерi бұл кештен қалыс қалмай өлеңге деген өміршең махаббаттарын жеткiздi. Ақындар мектебiндегi жас өрендер осындай кештер арқылы талабын шыңдап, ұлт әдебиетін насихаттап жатыр.
Поэтикалық кеште өлең оқыған жастардың әдебиеттегі аға буын өкілдері Shakarim University түлектерi, оқу ордасының абыройын республикалық жыр-мүшәйраларында асқақтатып жүрген дарындар.
«Қазақ поэзиясының үні қарлығып қалмауы үшін жаңа тыныс, тың ізденіс пен озық ой керек. Еркіндігімен елеулі дүние тудырып, сезімін сөйлететін ақындар өлеңі оқырман назарынан түспеуі маңызды. Күйбең тірлікте күйгелектенбей, бір сәт жан тыныштығын сезініп, санаға серпіліс беруде өлеңнің құдіреті шексіз екені анық. Осы ретте әдебиет пен оқырманның әдемі байланысына дәнекер деп «Сәуiр суреттерi» поэтикалық кешiн айтсақ болады», - дедi кiтапхана директоры, ақын Мерей Қарт.
«Қазақ қара өлеңiнiң ту тiккен жерi – Семей» деп зиялы қауым өкілдерінiң баға бергені бекер емес. Өйткені, мұндағы поэзияға деген сұраныс жоғары, талғам биік. Мықты әдеби орта бар. Әдеби ортаның ұйымшылдығын осы кеш тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айтулы шара әдебиеттің, оның ішінде поэзияның мәртебесін арттырып, жастарды кітап оқуға, уақытын тиімді өткізуге баулып, жас таланттардың шығармашылығын насихаттап, қолдау көрсетуге, рухани құндылықтардың бәсін биіктетуді көздедi.
Ашық микрофонға «өлең оқимыз» деп шыққан жастардың қатары мол, өлеңге деген құштарлықтары ғажап.
Сырлы поэзия, жанды музыка, мөлдiр әуен салтанат құрған кеш оқырмандарға романтикалық атмосфера сыйлады.
Кеш соңында қатысушылар тамаша кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына өз алғыстарын білдіріп, «Сәуiр суреттерiн» ұмытпастай көңiл-күйде тарқады.