Шәкәрім университетінде 5 мамырда өтетін жылқы шаруашылығының І Халықаралық конгресінің аясында кеше Абай облысының Бесқарағай ауданындағы маңызды шаруашылықтарға ғылыми-өндірістік сапар ұйымдастырылды. Бұл өңір — қазақ және мұғалжар жылқы тұқымдарының ерекше түрлері қалыптасқан республикалық маңыздағы тұқым орталығы саналады.
Сапардың мақсаты — жылқы тұқымдарының зауыттық типтерімен тікелей танысу, селекциялық жетістіктерді, жылқыны бағу, азықтандыру және көбейту жағдайларын көру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарында жаңа даму кезеңінің тірегіне айналған тәжірибелермен бөлісу.
Делегация құрамында Гүміңгүл Мұхатай (ҚХР, Тарым университеті), Шэн Мин Цзэн(ҚХР), Инна Брель-Киселева (А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті), Амин Акимбеков (ҚазҒЗИ), Қайрат Исхан (ҚазҰАЗУ), Малика Шамекова (Биология институты) т.б. ғалымдар болды. Униветситет проректоры Жанар Қалибекқызы бастап барған ғалымдарды аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев пен Ерназар ауылдық округінің әкімі Мұратқан Баймұхаметов және шаруа қожалықтарының басшылары қарсы алды.
Қатысушылар алдымен қазақ жылқы тұқымының «Бесқарағай» зауыттық типін өсіруге маманданған «Ерназар» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне барды. Мұнда осы жердің дала және орманды-дала белдеулеріндегі климатқа аса бейімделген, төзімді әрі генетикалық әлеуеті мықты жылқылар өсірілуде.
Қазақ аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайрат Исхан "Бесқарағай түрінен" шыққан Шойынқара мен Байторы, Қанкүрең және Тобылғыжирен жылқыларының әрқайсысымен таныстырып, басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті. «Бесқарағай» — тұрқы ұзын, шоқтығы биік, бейімделгіштігі жоғары және жоғары өсімталдығымен ерекшеленеді.
«Ерназар» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы, Бесқарағай ауданының «Құрметті азаматы» Хабидулла Мукинов өзі жылқышының ұрпағы болғандықтан, ет және сүт бағытындағы жоғары өнімді асыл тұқымды жылқыларды алу үшін қазақ тұқымын жетілдіруді ұйғарған. Оның айтуынша, өзі 1993 жылы жылқы шаруашылығын қолға алған. 2003 жылы шаруашылықта Шәкәрім университетінің ғалымдары селекциялық жұмыстарды үш бағытта (жылқы, ірі қара мал мен ұсақ мал) жүргізе бастайды. Селекциялық жұмыстардың жобасын жасап, ғылыми және тәжірибелік қолдау көрсеткен университетінің ғалымдарының еңбегі зор дейді ол. Содан бері қарай үздіксіз жүргізілген ғылыми жұмыстар бүгінгі күні нәтижесін беріп отыр. Сондай-ақ, мұнда ұлттық ойындар мен ат спорты бағытында да жылқы тұқымын өсіру қолған алынып жатыр.
Күннің екінші жартысында делегация «Ертіс» зауыттық типіндегі мұғалжар тұқымына бағытталған «Азамат-2» шаруа қожалығына жол тартты.
Мұнда назар аударылған басты бағыттар: сұрыптау әдістері, тұқымның аталық іздерін сақтау жүйесі, малды цифрлық тіркеу, ғылыми және селекциялық бағдарламаларға қатысу тәжірибесі болды.
Мұғалжар тұқымының «Ертіс» типі — денесі мығым, ет және сүт өнімділігі бойынша жақсы көрсеткіштермен, ерекше төзімділік қасиеттерімен бағаланады. Бұлар бірыңғай құла түсті жылқылар екен.
Жыл бойы жайылымда болатын әрі салмағы да жоғары келетін қазақ жылқыларын көрген шетелдік ғалымдар бұл түрлерді алудағы қазақ ғалымдарының еңбегіне жоғары баға берді. Қытай аграрлық университетінің профессоры және жылқы шаруашылығының сарапшысы Шэн Мин Цзэн қазақ жылқысының «Бесқарағай» типін алуда ғалымдардың генетикалық материал алу жолында көп жұмыс жасап, қазақ жылқысының үлкен генетикалық қорын сақтап қалғанын атап өтті. «Менің білуімше, Қазақстан ғалымдары өнімді жылқы шаруашылығының селекциясын жасауға жұмыс істеп, өнімін өңдеуге үлес қосып отыр екен. Ет, сүт өндіру, селекция, генетика жағынан зерттеу жұмыстарын бірге жасап, жылқы шаруашылығын дамытуға үлес қоссақ, бұл келешегі зор өндіріс болмақ»- деді ол.
Іс-шараны қортындылаған Шәкәрім университетінің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы:
««Ерназар» мен «Азамат-2» сияқты шаруашылықтар — жай өндірістік нысандар емес. Олар — ұлттың генетикалық кодының тірі зертханасы. Бұл жерде дәстүр мен ғылым бірлесіп, жылқы шаруашылығы ұлттық құндылық негізінде құрылуы керек екенін нақты көрсетіп отыр. Біз қолдау көрсетуге және осы базада ұлттық селекциялық мектеп құруға міндеттіміз»- деді.
Бұл сапар Конгрестің академиялық білім, нақты экономика және мемлекеттік саясаттың тоғысында Қазақстанның жылқы шаруашылығының жаңа стратегиясын қалыптастыру миссиясының тәжірибелік жалғасы болды.





