Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 маусым 2025орман

Қарапайым тәжірибеден - нақты нәтижеге: Студенттердің «жасыл» бастамасы

Шәкәрім университетінің Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің Ауыл шаруашылығы кафедрасының студенттері экология мен орман шаруашылығын ұштастырған бірегей стартап жобаны жүзеге асырды. Олар университеттің Агротехнопаркінде кәдімгі қарағайдың (Pinus silvestris) тұқымынан 1000 түп жабық тамыр жүйелі жас өскін өсіріп, оларды табиғи ортаға бейімдеу мақсатында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Канонерка филиалындағы Орман тұқымбағы және орман тұқым станциясы кешеніне тапсырды.

 

 

Жас өскіндер күзге дейін Шынықтыру алаңында күтім көріп, кейін орман алқаптарына отырғызылады. Жобаның басты мақсаты – орман қорын толықтырып, жасыл желек көлемін арттыру, сонымен қатар студенттердің ғылыми-эксперименттік машықтарын жетілдіру.

 

 

Жоба жетекшісі, 6В08303 «Орман ресурстары және аңшылықтану» білім беру бағдарламасының  менеджері  Гүлнара Джаманованың айтуынша, бұл жоба студенттердің табиғатпен тығыз байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Олар «Семей орманы» резерватының Жаңасемей филиалы қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп, қарағай бүрлерін өз қолдарымен жинап, кептіріп, содан тұқым алған.

 

 

—  Алған тұқымдарды сапасына қарай  кластарға бөліп, сұрыптадық. Алдымен  биогумус, шымтезек және топырақты 1:1:1 қатынасында алып, тұқымды ектік. Ал тұқым өне бастағаннан кейін оларды арнайы биостимулятормен байытылған кассеталарға отырғыздық. Өскіндердің дамуын бақылауда ұстау үшін «Якобсен» үстелін пайдаландық,- дейді Гүлнара Джаманова.

 

 

«Якобсен» үстелі – бұл тұқымдардың сапасын, өнгіштік пайызын (G%) және өсу жылдамдығын біркелкі жағдайларда анықтауға арналған құрылғы. Бұл технология студенттерге нақты тәжірибелік дағды беріп қана қоймай, ғылыми зерттеу жүргізудің негізгі әдістерімен танысуға көмектесті.

 

 

– Бұл стартап жобамыз арқылы «қарағай тұқымынан өскін өсіру қолымыздан келе ме?» деген сұраққа нақты жауап таптық. Ең бастысы – өз күшімізге деген сенім пайда болды. Қазірдің өзінде өскіндердің биіктігі 6 см шамасында. Күзге дейін бұл көрсеткіш әлі де өседі деген үміттеміз,- дейді студенттер.

 

 

Жоба тек тәжірибе алаңы емес, сонымен қатар жастардың табиғатқа деген құрметін, экологиялық сана-сезімін қалыптастырудың нақты үлгісі болып отыр. Бұл бастама болашақта еліміздің орман қорын молайтуға өз үлесін қосатыны анық.