Кеше Шәкәрім университетінде ерекше кеш өтті. 1980-1985 жылдар аралығында Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтында білім алған түлектер өздерінің алтын ұясына қайта оралып, жүрек толқытарлық кездесу өткізді.
Аталған институтты 1985 жылы екі жүзге жуық жас тәмамдаған болса, кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген түлектер арасында бүгінде елге танымал мамандар, сала ардагерлері, ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары, ауыл шаруашылығында абыройлы қызмет етіп жүрген азаматтар бар.
40 жылдық кездесу – жай ғана басқосу емес, ұрпақтар сабақтастығының, ұстаз бен шәкірт арасындағы мәңгілік байланыстың айғағы. Сағынышпен бас қосқан түлектер оқу орнының қабырғасында алған білім мен тәрбиенің өмірлік жолда маңызды рөл атқарғанын айтып, ұстаздарына шексіз алғыстарын білдірді. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ұзақ жылдар институт ректоры болған Зейнолла Тоқаевтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Профессор шәкірттеріне өзінің кітабын тарту етті.
Шәкәрім университеті Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің деканы Шыңғыс Сүлейменов аға буын өкілдеріне жылы лебізін білдіріп, білім ордасының бүгіні мен келешегі жайында әңгімеледі.
Түлектер үшін ұйымдастырылған экскурсия барысында олар оқу ғимараттарын аралап, зертханалар мен дәрісханаларды көрді, естелік суретке түсті.