пресс-служба Университета Шакарима24 июнь 2025ашық дәріс

Абайдың шығармашылық танымы жайлы ашық дәріс

Бүгін Шәкәрім университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол ЕрдембекұлыТілешовтің «Абайдың шығармашылық танымы» тақырыбындағы ашық дәрісі өтті. Университет ректоры Думан Орынбеков жиналған қауымға ғалымды таныстырып, сөз тізгінін құрметті қонаққа ұсынды.

 

 

Дәріс барысында Ербол ЕрдембекұлыАбайдың таным дүниесіне, әдебиеттегі орнына, шығармашылық ерекшеліктеріне және қазіргі әдебиеттану ғылымының жағдайына қатысты бірқатар тың ой-пікірлер айтты.

 

 

Ербол Тілешов Абай феноменін тарихи және философиялық тұрғыдан түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, Абай қазақ халқының ұлттық дағдарысы тұсында пайда болды. XIX ғасырдың екінші жартысы – қазақ қоғамының іргелі өзгерістерге ұшыраған, дәстүрлі жүйенің ыдырап, жаңа үлгідегі әлеуметтік-саяси, рухани ахуал қалыптаса бастаған кезең. Осы өтпелі дәуір – Абайдың танымының түзілуіне басты себеп болды. Ұлттық дағдарыс Абайды ізденіске итермеледі, заманды терең саралап, халықты оятуға, таным көкжиегін кеңейтуге мәжбүр етті.

 

 

Дәрісте Е.Тілешов бірқатар әдебиеттану мәселелеріне де тоқталды. Ол Абайдыжазба әдебиеттің негізін салушы деуіміздіңқате екенін атап өтті. Бұл пікірді Мұхтар Әуезовтің өзі де ұсынған. «Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественнаялитература ретінен қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады. Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды» - деп жазған екен М.Әуезов. Яғни, Абай – жазба әдебиетті түбегейлі қалыптастырған, классикалық үлгіні танытқан тұлға, алайда бастамасы Абайдан бұрынғы діни дәуірмен, медреселік, діндар әдебиетпен байланысты.

 

 

Абайдың рухани кеңістігін сипаттай келе, Ербол Тілешов Абайдың басты ерекшелігі – синтездік ойлауы екенін айтты. Ол дінді, философияны, ұлттық болмысты, орыс және Батыс мәдениетін, түркі-ислами дәстүрді терең меңгеріп, оларды өз танымында біріктіріп шығарған. Абай – дүниетанымы жағынан жаһандық деңгейге көтерілген тұлға.

 

 

Ербол Ердембекұлыдәріс барысында қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі әдебиеттану әдіснамалық тұрғыдан әлсіз. «Ғылымның негізі – әдіснама. Әдіснама болмай, ғылым да дами алмайды»- дейді  ғалым.