Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қордаланған бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіптер, импортқа тәуелділік, сүт өнімдері мен өсімдік шаруашылығы бойынша қиындықтар назарға алынды. Сонымен қатар, Президент аграрлық секторды түбегейлі жаңғырту, заманауи ғылыми жетістіктерді енгізу және аграрлық ғылым мен білімді интеграциялау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Біз, ғылыми және білім беру қауымдастығының өкілдері ретінде, бұл тапсырмаларды орындауға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Шәкәрім университеті жанындағы "Shakarim Lab" зертханасы негізінде аймақта алғаш рет топырақ талдауы бойынша мамандандырылған ғылыми зертхана құрылуда. Бұл бағытта облыс бойынша мұндай зертхана жоқтың қасы. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, әсіресе өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге сапалы ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Ғылыми негізделген топырақ талдауы шаруаларға жер құнарлылығын арттыру, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, егістік айналымын оңтайландыру сияқты маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттырып, шығынды азайтуға жол ашады.
Сонымен қатар, Президент сүт өндіруші шаруашылық жағдайына да ерекше тоқталды. Қазақстандағы сүт өндіруші кәсіпорындар шетелдік бәсекелестерімен салыстырғанда бірқатар қолдаудан қағылған. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Осы бағытта да біз нақты қадамдар жасаудамыз. Университетіміздің ғылыми базасында малдың физиологиялық жағдайын, азықтың сапасын, топырақтың құрамын және жайылым жерлердің жай-күйін анықтауға мүмкіндік беретін зертханалық зерттеулер жүргізілуде. Осындай нақты ақпарат жергілікті шаруаларға өз шаруашылығын ғылыми негізде тиімді басқаруға жола ашады.
Ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ғылым мен тәжірибенің ұштасуы. Жергілікті аграршылармен тығыз байланыс орнату арқылы біз олардың нақты қажеттіліктерін ескеріп, ғылыми шешімдер ұсынуға әзірміз.