INNOVATE SHAKARIM UNIVERSITY. Нақты өсу. Негізгі қиындықтар. Нағыз адам болу
4 мамыр күні өткен INNOVATE SHAKARIM UNIVERSITY форумы өңір болашағына жастар көзімен қарауға мүмкіндік берген іс-шара болды. Мұнда арман, жастық жігер және нақты кәсіби таңдау тоғысты.
Көптеген мектеп оқушылары, студенттер мен магистранттар үшін бұл форум университеттің ішкі өмірімен, оның ғылыми, білім беру және практикалық қызметімен танысуға жағдай жасады.
Ал қазіргі студенттер үшін бұл — өздерінің өсу жолын көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп, өзгелерге шабыт беру мүмкіндігі.
Университет жастарының бірі — «Ветеринария» мамандығының бірінші курс студенті Нұрбол Смаилов. Ол бір жылдың ішінде абитуриенттен университет өміріне белсене араласатын студентке айналды.
«Мен малды ауылда өстім, оларға қалай күтім жасалатынына да қанықпын. Университет таңдағанда Shakarim University-ді таңдадым. Мұнда бәрі қызықты! Білікті оқытушылар сабақ береді. Көп достарым осында оқиды. Ең маңыздысы — тәжірибе жасауға мүмкіндік мол. Біз бұлшықеттерді, ішкі ағзаларды зерттеп, болашақ мал дәрігеріне қажетті білімді ойға тоқып жатқан жайымыз бар».
Нұрбол болашағын да нақты жоспарлап қойған, магистратура, сосын докторантура оқып, білімін ары қарай тереңдетпек.
«Жануарларды жақсы көру — бір бөлек, ал оларға күтім жасау, емдеу, жауапкершілік алу — бұл мүлдем басқа дүние. Ол үшін көп білім мен тәжірибе қажет»- деген ол форумның жастар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. — Бұл форум өз жолын әлі таппаған жастарды ынталандырады, алға жетелейді. Олар бізді көріп, талпынады. Мұнда талантың да ашыла түседі. Осындай ортада білім алу — мен үшін үлкен мәртебе».
Оның университет табалдырығын аттағанына биыл бір жыл болады. Бұл Нұрбол үшін — өсу жылы.
«Shakarim University дамып жатыр. Мен де онымен бірге өсіп келемін»- дейді Нұрбол.