Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбындағы Жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ерекше тапсырды. Бұл бастама елдің ғылыми-технологиялық дамуына жаңа серпін бере отырып, білікті кадрларды даярлау және жасанды интеллект (АІ) технологияларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Shakarim University-де Президент тапсырмасына орай қолға алынған AI-Sana бағдарламасы аясында білім беру саласындағы әртүрлі мәселелерді шешуге арналған бес жасанды интеллект агенті дайындалып жатыр. Оның екеуі қазір іске қосылған. Солардың бірі AI Check деп аталады. Ол университет оқытушыларына көмекші құрал қызметін атқарып отыр. Яғни, студенттік жұмыстарды автоматты түрде талдап, интеллектуалды тексереді, ұсыныстар бере алады. Бұл оқытушының уақытын үнемдеуге үлкен септігін тигізеді.
Екіншісі – AI Admission Bot. Ол талапкерлерге кеңес беруге және құжаттарды өңдеуді автоматтандыруға арналған Telegram-бот. Биыл қабылдау комиссиясы мүшелеріне мұның көп көмегі тиді. Талапкерлер оған кез-келген сұрағын қойып, нақты әрі дұрыс жауап ала алады.
Осы жылдың соңына дейін тағы үш агент іске қосылмақ. Біреуі — AI Career, яғни мансаптық кеңесші. Ол дағдыларды талдап, кәсіби өсуге арналған ұсыныстар мен жаңа мүмкіндіктерді анықтауға көмектеседі.
Келесісі Research Center деп аталады. Бұл агент деректерді өңдеуге, әдеби шолулар жасауға және ғылыми зерттеулерге қолдау көрсетуге арналған арнайы зерттеу орталығы болып табылады.
Ал AI Smart Course жасанды интеллект негізінде жеке оқыту курстарын және интеллектуалды оқу материалдарын таңдап, оқыту процесіне бейімделген жүйе ретінде қызмет етеді.
AI-Sana бағдарламасы аясында білім беру саласын жетілдіруге арналған жобаларымыз білім саласын цифрландыру мен ғылыми-технологиялық дамуға серпін беріп, оқытушылар мен студенттерге тиімді әрі заманауи құралдар ұсынуға бағытталған.
Дей тұрғанмен, жасанды интеллектіге қатысты тағы бір айтарым – қауіпсіздік мәселесі.
Жасанды интеллект технологияларының дамуы мен қолданылуы білім саласында зор мүмкіндіктер ашатыны анық. Дегенмен, бұл инновациялардың қауіпсіз әрі жауапты түрде пайдаланылуы басты талаптардың бірі болып отыр. Осы тұрғыда, Shakarim University-де жасанды интеллектіні енгізу кезінде этикалық қағидаларды сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл бөлінуде. Университетте жасанды интеллектіні қолдану этикасына қатысты бірқатар құжаттар әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта да AI-Sana бағдарламасы аясында жасанды интеллектіні қауіпсіз және этикалық тұрғыда қолдануды қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.