Агробиолабораторияда жаз бойы төккен тердің нәтижесі айқын көрінуде. Студенттер мен жас ғалымдар талмай еңбек етіп, тәжірибе мен зерттеулерді мұқият жүргізді. Мұнда өсірілген дақылдар мен атқарылған жұмыстар тек теориялық білімді практикаға айналдыруға ғана емес, сонымен бірге болашақ агрономдар мен биологтардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге арналған маңызды тәжірибе алаңына айналды.
Зертханадағы жұмыстар өңір климатына төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін өсіру және зерттеу, экологиялық таза өнім алу, студенттердің практикалық дағдыларын шыңдау, ғылымға ден қоюларына жағдай жасауға бағытталды.
Лабораториядағы зерттеулер ауыл шаруашылығының заманауи әдістерін меңгеру мен жаңа технологияларды енгізудің негізін қалыптастырады. Осы тәжірибе арқасында студенттер нақты жағдайларда дақылдарды өсіру, тыңайтқыштарды қолдану, зиянкестермен күрес және топырақ сапасын жақсарту бойынша маңызды білім мен дағдылар алады. Бұл тәжірибелік жұмыс олардың мамандықтарын тереңірек түсініп, болашақта ауыл шаруашылығы саласында жаңашылдықтар енгізуге дайын болуына мүмкіндік береді дейді мамандар.
Сонымен қатар, агробиолаборатория жас ғалымдарға өз зерттеулерін жүзеге асырып, ғылыми жобаларды дамытуға қолайлы жағдай туғызып келеді. Мұнда алынған тәжірибелік нәтижелер ауыл шаруашылығын тиімді және тұрақты дамытуға бағытталған ғылыми ізденістерге негіз болады. Осылайша, агробиолаборатория студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби өсуі мен білімін арттыруда маңызды рөл атқарып, болашақ мамандардың сапалы даярлануына жағдай жасап отыр.


