Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 қыркүйек 2025ауыл

Shakarim University-дің ауыл шаруашылығын цифрландыру бастамасы

17 қыркүйекте Шәкәрім университетінің делегациясы Басқарма мүшесі – интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры  Ерасыл Дулатбайдың жетекшілігімен Бесқарағай ауданына сапар жасап, аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаевпен кездесу өткізді. 

 

«Абай облысы  Бесқарағай ауданының 2026-2032 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту концепциясы» тақырыбындағы кездесу барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері талқыланды. Shakarim University өкілдері ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған өз жобаларын ұсынды.

 

Жобаның мақсаты – агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру процесіне бизнес қауымдастық пен ауыл шаруашылығы өндірушілерін тарту. Бұл ғылым мен тәжірибені біріктіре отырып, саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Аталған жоба ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылау жүйесін құруды көздейді. Оған климаттық жағдайлардан бастап, топырақтың химиялық құрамына дейін, егіннің сапалық және сандық көрсеткіштері, сондай-ақ мал шаруашылығының жағдайы кіреді.

 

Жобаны жүзеге асыру нақты шаруашылықтардың жағдайы туралы өзекті әрі сараптамалық деректермен расталған ақпарат беру арқылы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, алынған мәліметтер негізінде университет ғалымдары ең озық әдістер мен технологияларды енгізе алады. Бұл өз кезегінде осал учаскелерді дер кезінде түзетуге мүмкіндік беріп, саланың әлеуетін айтарлықтай арттырады.

 

Бесқарағай ауданы Абай облысында ауыл шаруашылығын цифрландыру жолындағы алғашқы қадам болмақ. Университет алдағы уақытта республикалық деңгейде мониторинг және ұсынымдар базасын құруды жоспарлап отыр.